Қытайлық ірі компания Қазақстанның тау-кен өндіру саласына инвестиция салмақ

509

ENFI инжиниринг компаниясы - әлемдегі ең ірі 500 компания рейтингінде активтер саны бойынша 58-ші орында тұрған China minmetals Corporation компаниясының ең ірі және озық кәсіпорындарының жетекші бөлімшесі.

Қытайлық ірі компания Қазақстанның тау-кен өндіру саласына инвестиция салмақ Фото: «Атамекен» ҰКП

Бейжіңде "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов Қытайдың ENFI инжиниринг компаниясының басшылығымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz "Атамекен" ҰКП баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онда Қазақстан мен Қытайдың инжиниринг қызметтер көрсету бағытында технологиялық ынтымақтастығы туралы айтылды. Бұл компания әлемдегі ең ірі 500 компания рейтингінде активтер саны бойынша 58-ші орында тұрған China minmetals Corporation компаниясының ең ірі және озық кәсіпорындарының жетекші бөлімшесі. 

"Қытай серіктестермен өнімді кездесу өткіздік. Әсіресе қабылдаушы тараптың қонақжайлылығын атап өткім келеді. Кездесуде ENFI қытай компаниясының Қазақстанға инновациялық технологияларымен келуі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл технологиялар қытай компаниялары тарапынан тиісті инвестициялармен сүйемелденетін болады. Бұл келісім еліміздегі инжиниринг хабтың өсуі мен дамуының аса маңызды нүктесі болмақ. Бұған дейін бұл мәселені премьер-министр отандық кәсіпкерлер кеңесінде көтерген болатын. Содан кейін адами капиталды дамыту талқыланды және республикада инжиниринг ісін дамыту, шетелдік жоғары технологиялық компаниялардың өз инновациясымен келуіне жағдай жасау маңызды тезис болды", – деді Райымбек Баталов.

Спикер Қазақстанда ENFI компаниясының жұмыс істеуі тау-кен металлургия кешенін дамытуда қуатты технологиялық серпін беретінін атап өтті. ҚХР ірі тау-кен металлургиялық корпорациясы қазақстандық әріптестермен бірлескен жобаларды іске асыру бойынша инвестициялық және акционерлік ынтымақтастық моделін қарауға дайын екені хабарланды. Қазақстан тарапынан қолда бар ресурстармен қамтамасыз ету сұралады.

ENFI өкілдері Қазақстанның Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді. Қазақстанның тау-кен металлургиялық объектілерін алдын ала іріктеу мен сұрыптаудан кейін серіктес компания бағалау туралы алдын ала есеп қалыптастырады. Сонымен қатар өзара тиімді ынтымақтастықты жүзеге асыру үшін қазақстандық бизнеске қолайлы  инвесторларды ұсынады.

Бұдан бөлек қытай компаниясы қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары және техникалық университеттермен ынтымақтастық орнатуға мүдде танытты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу