Қытайлық кәсіпкерлердің ОҚО-да салатын күн электр станциясы "Күннұры" деп аталады

883

Қытайлық кәсіпкерлердің ОҚО-да салатын күн электр станциясы "Күннұры" деп аталады

Қытайлық кәсіпкерлер Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданынан 200 МВт-тық энергия өндіретін күн электр станциясының құрылысын бастамақ. Бұл туралы қытайлық "Циндао Бэйхай" компаниясының арнайы өкілі Минг Ие Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында жергілікті билік аталған жобаны жүзеге асыруға қажетті 300 гектар жер телімін бөліп, барлық инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп беретін болып келісілді. Сондай-ақ екіжақты келісімге сәйкес станцияны "Күннұры" деп атау ұйғарылды.

"Соңғы жылдары әлемде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шықты. Осыны ескере отырып біз оңтүстік өңірінен күн электр станциясын салуды жөн көріп отырмыз. Өйткені бұл өңірде күн ерекше ыстық әрі бұлтты күндері өте аз болады. Жобаға жұмсалатын шығындарымыз өтеліп болғаннан соң станцияны өздеріңізге қайтаратын боламыз", - деді Минг Ие мырза.

Қонақтардың ұсыныстарына қолдау білдірген өңір басшысы аймақтағы электр энергиясына деген сұраныстың жыл санап артып отырғанына тоқталды.

"Бүгінде Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы – жасыл экономика. Яғни болашақтың энергиясын іздеу және баламалы көздерін табу әрі пайдалану болып отыр. Осыған орай сіздердің ұсыныстарыңызды толық қолдаймын. Қажетті жер телімі бөлініп, инфрақұрылымдық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп беретін боламыз. Оңтүстік Қазақстан облысының шамамен 300 күні бұлтсыз болады. Бұл жобаны жүзеге асыруға өте тиімді", - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінде облыстың экономикалық даму қарқыны жоғары, аймақта өндіріс орындары көптеп ашылып, инновациялық бағдарламалар жүзге асырылып жатыр. Осының барлығы электр энергиясына деген сұранысты арттыратыны сөзсіз.  Энергетикалық қауіпсіздік ең алдымен энергетикалық тәуелсіздікке байланысты екенін ескерсек, Оңтүстік өңірінде баламалы энергетика нысандарын салу аса маңызды болып отыр.

Кездесу қорытындысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов пен қытайлық "Циндао Бэйхай" компаниясы өкілі Минг Ие екіжақты энергетика саласы бойынша инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде меморандумға қол қойды. Тараптар инвестициялық жобалардың өзара тиімділігін ескеріп, жобаны іске асыруға дайын екенін білдірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу