Қытайлық компания Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысына қызығушылық танытып отыр

604

Тиісті ақпаратты "ҚазМұнайГаздың" баспасөз қызметі таратты.  

Қытайлық компания Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысына қызығушылық танытып отыр Фото: Ақ Жайық

"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев CNPC компаниясының вице-президенті, PetroChina Президенті Хуан Юнчжанмен кездесті, деп жазады inbusiness.kz ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады. Атап айтқанда, Қашаған кен орнында қуаты жылына 4 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу бойынша ынтымақтастық нұсқалары талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан-Қытай мұнай құбырын кеңейту арқылы ҚХР-ға Қазақстан мұнайын жеткізуді арттыру мәселесі қаралды. Аталған мұнай құбырының артықшылығы – Қытай нарығына транзит елдерсіз тікелей шығуға мүмкіндік беретінінде", - делінген хабарламада.

Құбыр жүйесінің айтарлықтай бөлігі ҚМГ мен CNPC-дің бірлескен меншігінде екенін айта кету керек. Былтыр Атыраудан шығысқа жеткізу көлемі артты, ал қазір Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл учаскесіндегі көлем толығымен жүктелген. Мысалы, өткен жылы Атырау-Кеңқияқ бойынша 4,5 млн тонна, Кеңқияқ-Құмкөл бойынша 8,1 млн тонна мұнай жеткізілді.

Бұдан бөлек тараптар "Үлкен Жамбыл" және "Торғай Палеозой" сияқты жаңа геологиялық барлау жобаларын әзірлеу бөлігінде ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.

"Қатысушылар Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыру жолдарын қарастырды. Бұл жобаны іске асыру Қазақстан ішінде мұнай өнімдеріне деген сұраныстың артуына байланысты өзекті болып отыр", - деп хабарлады "ҚазМұнайГаз".

Айта кету керек, Қытай Ұлттық Мұнай-газ Корпорациясы (CNPC) әлемдік мұнай саласындағы алып көшбасшы компаниялардың үштігіне кіреді. Компания 38 елде мұнай-газ операцияларын жүргізеді, елімізде 1997 жылдан бері жұмыс істейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу