Қытайлық компания Қостанай қаласында теледидар шығаратын зауыт салмақ

630

Зауыттың өндірістік қуаты жылына 600 мың дана болмақ. 500 шақты жұмыс орны ашылуы мүмкін.

Қытайлық компания Қостанай қаласында теледидар шығаратын зауыт салмақ

Қытай халық республикасының НКС Corporation Limited компаниясы Қостанай қаласындағы индустриялық аймақта теледидар шығаратын зауыт салу жобасын қарастырып жатыр,  деп хабарлайды kostanaytany.kz

Олар бастапқы кезеңде 20 млн доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр. Сөздерінше, зауыттың өндірістік қуаты жылына 600 мың дана болмақ. 500 шақты жұмыс орны ашылуы мүмкін. Өнім саудасының мақсатты нарығы – ТМД елдері.

"Бұл Қазақстандағы біз инвестиция салғалы отырған алғашқы өңір. Қостанайға таңдау жасаудың себебі – Ресей Федерациясымен іргелес, кедендік одақтың мүмкіндіктері есепке алынып отыр, ТМД нарығына шығуға да қолайлы, — дейді НКС Corporation Limited компаниясының вице-президенті Ли Джин. — Жоспарымыз бойынша, зауыттың жылдық сауда көлемі 400 млн доллардай болады деп күтіледі".

Инвесторлар нақты шешімге келіп, облыс басшылығымен әріптес ретінде қол алысуға екі ай мерзім белгілегендерін айтып өтті.

"Қостанай – аграрлы өңір, елдің егін шаруашылығының төрттен бірін қамтиды, — деп бастады сөзін кездесуде Архимед Мұхамбетов. — Инвесторлармен әріптестік орнату, бірлесе жұмыс істеу жағынан тәжірибеміз бар. Айталық, қытайлық компаниялармен бірлесіп өндірістік желілерді іске қостық. Қызметтестік нәтижесіз емес. Сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігіне иеміз, әсіресе Ресеймен көршілес орналасуымыз экспорттық жағынан тиімді. Бастысы, корпоративтік салық көлемі бұл елдікімен бірдей – 20%. Ал, қосымша құн салығы бізде 6%-ға арзан. Жалпы,  сіздердің электроникалық өнім шығаратын компанияларыңыз туралы жақсы хабардармыз. Өнімділік 600 млн дана болса, елімізді де, Ресей нарығын да қамти алмақпыз".

Аймақ басшысы қытайлық компания жетекшілеріне өзара әріптестік орнатуға қашанда дайын екендігін жеткізді. Ал меймандар, бәрі жоспардағыдай болса, келер жылы-ақ зауытты іске қосуға ықылас танытып отыр. Тек зауыт құрылысын қай тарап міндетіне алатынын компания өз ішінде кеңеспек, бұл жұмыстар бірлескен түрде жүзеге асуы да әбден мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу