Кездесу облыс әкімі Асхат Шахаровтың Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Бейжіңде өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сапар барысында Қазақстанның батысында индустриялық жобаларды іске асыруға мүдделі қытайлық инвесторлармен бірқатар кездесу өтті.
Ақтөбе өңірі дәстүрлі түрде минералды шикізатты өндіру және қайта өңдеу секторларын қоса алғанда, қазақстандық өнеркәсіп орталықтарының бірі саналады.
Сондай-ақ облыста өнеркәсіптік өндіріс, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу және логистика саласындағы шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды іске асыру үшін зор мүмкіндіктер бар.
"Астана" халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігімен ынтымақтаса отырып, аталған инвестициялық диалогтың ұйымдастырушысы әрі бастамашысы болды. Сапар нәтижесі бойынша Ақтөбе облысының аумағында бірқатар маңызды жобалар бойынша инвестициялық уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Атап айтқанда, өңір әкімдігі, қытайлық ірі тау-кен компаниясы және SM Minerals өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың мақсаты – Ақтөбе облысындағы мыс кен орнын игеру үшін тараптардың күш-жігерін біріктіру.
Идея іске асса, Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және шығарылатын өнеркәсіп өнімінің көлемін ұлғайтуға елеулі үлес қосады.