Шығыс Қазақстандағы Самар жағалауы Қытайдың туристік компанияларының қызығушылығын тудырды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Делегация құрамында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің жетекшілігімен қала және аудан әкімдері болды. Қытайлық әріптестермен инвестициялық мүмкіндіктер, соның ішінде туризм саласын дамыту мәселелері талқыланды.
– Қытайдың бірқатар туристік компанияларымен бірнеше кездесу өткізіп, ынтымақтастық туралы келісімге келдік. Жазғы маусымда олар Самар жағалауына бір мезгілде шамамен 150–200 турист әкелуге дайын, – дейді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісовтің
Жақын уақытта Сарыбелдегі демалыс базаларының иелерімен қытайлық туристерді қабылдау және жайлы орналастыру бойынша келісімшарттар жасасу жоспарлануда.
– Бүгінде ауданда 71 демалыс базасы жұмыс істейді. 580-ден астам үй және шамамен 3 000 туристке арналған орын бар. Туристердің негізгі легі дәстүрлі түрде жаз мезгіліне тиесілі. Саланы одан әрі дамыту үшін туризмді дамыту тұжырымдамасы әзірленген, – дейді Серік Жаңісұлы.
Айта кетейік, ауданда инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қатар жүргізілуде. 2025 жылы "Көкпекті – Самар – Васильев өткелі" облыстық маңызы бар автожолының бір бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар, жақын арада Сарыбел жағалауында сапалы ұялы байланыс пен интернет қамтамасыз етіледі, бұл туристер үшін қолайлы жағдай жасайды.
ШҚО-дағы туристік кластерді дамыту облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бақылауында. Биыл Бұқтырма су қоймасы жағалауында заманауи серуен аймағын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ Самар жағалауын абаттандыру және дамыту бойынша бас жоспар дайындалуда.
– Сарыбел және Новостройка ауылдарында жағажай аймақтарын абаттандырып, оларға коммуналдық жағажай мәртебесін беру жоспарланған. Оларды заңнамаға сәйкес кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, қызмет сапасын арттыру мақсатында Миролюбовка ауылында демалыс базаларына апаратын жол бойында санитарлық-гигиеналық нысан салу көзделген, – дейді Самар ауданының әкімі.
Ауданда оқиғалық туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биылғы жоспарға "Open Air – Sarybel" жазғы маусымының ашылуы және "BAJA GAMES SAMAR" экстремалды туризм жарыстарын өткізу енгізілген. Бұл жобалар туристер мен инвесторларды тартуға және өңірдің танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Өңірде қытайлық серіктестермен ынтымақтастық туризмді дамытуға жаңа серпін беріп, қонақтарға Шығыс Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін жақынырақ таныстыруға жол ашады деп күтілуде.