Қытайлықтарға дүниеге үш бала әкелуге рұқсат берілді

786

Жас отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған. 

Қытайлықтарға дүниеге үш бала әкелуге рұқсат берілді

Қытайдың Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының тұрақты комитеті (парламент) бір отбасыға үшінші баланы дүниеге әкелуге рұқсат берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Қаулы 20 тамызда қабылданған халық және бала тууды жоспарлау туралы заңға енгізілген түзетулер аясында шығарылды.

Заңның жаңа түзетулеріне сәйкес, мемлекет халық арасында некеге тұруды насихаттап, жас отбасыларды ертерек балалы болуға үндемек.Осы орайда жергілікті билік баласы бар жас отбасыларға қаржылық, салықтық, сақтандыру, білім беру және тұрғын үй жеңілдіктерін ұсынбақ. 

Еске сала кетсек, 1970 жылдардың аяғында Қытай халық санының күрт  өсуін тежеу үшін "бір отбасы – бір бала" саясатын жүзеге асырған еді. Қала тұрғындары бір бала, ал ауылдарда тұратындарға егер біріншісі қыз болса, екі бала көтеруге рұқсат берілді.  Уақыт өте келе бұл шаралар гендерлік теңгерімсіздік және халықтың қартаюы сияқты демографиялық проблемаларға әкеліп соқты.

Ескере кететін жайт, 2020 жылғы пандемия кезінде Қытайдағы халық саны 0,83 пайызға артып, 1,41178 миллиардқа жеткен. Бұл 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 72,06 миллионға (5,38%) көп.  Жетінші халық санағынан кейін осындай мәлімет жарияланды. Алғаш рет Қытайда халық санағы 1953 жылы жүргізілген еді. Ол уақытта 600 млн тұрғын тіркелген болатын.

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу