Қытаймен шекарадағы кеден кімнің қолында? Қаржы министрі жауап берді

472

Бүгінге дейін 670 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. 

Қытаймен шекарадағы кеден кімнің қолында? Қаржы министрі жауап берді Фото: gov.kz

Қытаймен шекарадағы кеденде тексеріс жүргізіліп, біраз былықтың беті ашылған. Заңды белден басқандардан былтыр бақандай 50 млрд теңге өндіріліпті. Мұны Қаржы министрі мәлімдеді. Сөзінше, 15-тен астам экономикалық оператор жемқорлық схемалары арқылы салық пен басқа да кедендік төлемдерден жалтарған. Олар кімдер? Арасында экс-президенттің туыстары бар екені қаншалықты рас? 

Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев Қазақстан-Қытай шекара бекеттерін жемқорлық пен заңсыздықтан тазартуды тапсырған еді.  Яки шығыстағы көршімізбен сауда-саттық саласындағы статистика сәйкес келмейді. Кеден мен транзит алымдары арасындағы айырмашылық 5,7 миллиард долларға жеткен. Бұл нені білдіреді? Бюджетке әжептәуір салық түспей қалған. Бас прокуратура мен қаржы министрлігі жүргізген тексеріс нәтижесінде 50 млрд теңге кеш те болса қазынаға қайтарылыпты. Кеден саласын Тұңғыш президенттің жақындары мен туыстары бақылауда ұстап отыр деген сыбыс халық арасында баяғыдан жүр. Бұл қаншалықты рас?,- деген сұрақты Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа журналистер төтесінен қойды. Ол бұл ақпаратты жоққа шығармады, бірақ есімдерді атай алмады.

"Қазір тергеу жүріп жатыр. Әрине, бюджетті сол заңбұзушылықтар тарапынан уақытылы төленбеген сомамен толықтыру көзделген. Былтыр құқықбұзушылықтан шамамен 50 млрд теңге өндірілді. Заң бұзған бірнеше экономикалық операторлар болды. Сіз осының басында тұрған бенефициарларды өзіңіз атадыңыз", - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Шетелге заңсыз шығарылған 670 млрд теңге елге қайтарылды

Жамаубаевтың сөзінше, заң бұзған 15-тен астам экономикалық оператор анықталып, тергеу жүріп жатыр. Олардың кім екенін Құқық қорғау органдарынан нақтылауға кеңес берді. Сондай-ақ, министр елден заңсыз шығарылған қанша қаражат қайтарлығанын да баян етті. 

"Бүгінге дейін 670 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл ресми деректер. Бұл ақпаратты Бас прокуратура беріп отыр", - деп атап өтті ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Былтыр қарашада Бас прокуратура 630 млрд теңге қайтарылғанын мәлімедеген еді. Яғни, 4 айда тағы 40 млрд теңге қайтарылыпты. Бұл әрине қуантады. Алайда, аталған сома тәуелсіздік жылдары шетелге ағып кеткен барлық қаражаттың 10%-ына да жетпейді. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі 30 жылда 100 млрд доллардан астам ақшаның елден заңсыз шығарылғанын айтты. Яғни, алда әлі жұмыс көп деген сөз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу