Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қытаймен шекаралас аудандардағы жайылым меселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Журналистер "Қытаймен шекаралас аудандарда тұратын халық бұрын бейтарап аумақта малын емін-еркін жайып келген. Бірақ оларға 2026 жылдан бастап бейтарап аймаққа кіре алмайсыздар деген. Бұл мәселе неден туындады?" деп сұрады.
"Бізде заң бойынша осы жерлерге де мал шығаруға болады. Өздеріңізге белгілі, осы тұста ұлттық қауіпсіздіктің де сұрақтары бар. Біз бұл мәселені жер комиссиясында да, Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиналыстарда да, Шығыс Қазақстандағы депутаттармен де бірнеше рет қарастырдық. Қазіргі уақытта ешқандай шектеу жоқ. Бірақ бір шектеу бар. Шекара туралы заңнамаға сәйкес, осындай жердерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге болмайды", – деді вице-министр Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз конференциясында.
Азат Сұлтановтың сөзінше, бұл аумақтарда ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге тыйым бар.
"Шөп шабуға да, мал шығаруға рұқсат беріледі. Бірақ егін егуге болмайды", – деп түсіндірді вице-министр.
Тілшілер "Бұл Қазақстан тарапының шектеуі ме?" деп нақтылады.
"Біздің шектеу. Қытайдың шекарасынан бізде 2 километрге дейін шекаралық алқап болады", – деді спикер.