Қытаймен визасыз режим: Алматыға аспан асты елінен келген туристердің саны 2 есе өскен

257

Алматыға келген туристер орташа есеппен бір күнде 334 доллар жұмсайды.

Қытаймен визасыз режим: Алматыға аспан асты елінен келген туристердің саны 2 есе өскен Фото: Pixabay.com

2023 жылдың 10 қарашасынан бастап Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енген болатын. Бұл өзгеріс Алматының туристік секторына қаншалықты әсер еткенін Алматы туризм бюросының маркетинг және талдау бөлімінің басшысы Руслан Жанабаев айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Оның айтуынша, өткен жылы Алматыға келген шетелдік туристердің 12%-ы ҚХР азаматтары. Бұл мегаполиске өзге мемлекеттен келген туристердің ішінде екінші көрсеткіш. 2022 жылмен салыстырғанда аспан асты елінен келген туристердің саны 2 есе өскен.

— Бұл (ред. визасыз режим) — негізгі факторлардың бірі. Қытай мен Үндістан мемлекеттері үшін 14 күндік визасыз режимнің енгізілуі оң әсерін берді. Өйткені Қытай азаматтары үшін мемлекетіміз жақын, қатты алысқа ұшудың қажеті жоқ және визасыз режим біз олар үшін ашық екенімізді көрсетеді. Сондай-ақ, биыл Қытайда Қазақстандағы туризм жылы жарияланды және ШЫҰ аясында Алматы басты туристік қала ретінде аталды. Қазіргі уақытта бізге ҚХР-дың барлық өңірлерінен адамдар келіп, көрме, іс-шаралар ұйымдастырып жатыр, - деді Руслан Жанабаев.

Сондай-ақ, ол пандемияға дейінгі кезеңде елімізге келген адамдар негізінен ТМД елдерінен болса, қазір алыс шетелден келетін туристердің үлесі 57%-ға жеткенін атап өтті.

Алматы туризм бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы қалаға келген туристердің ішінде Ресей азаматтары бірінші орында — 32,6%, екінші қытайлық саяхаттаушылар — 12,2%, үшінші Үндістан — 8,6%, төртінші Түркия — 6% және бесінші АҚШ азаматтары — 3,8%.

— Бізді америкалық туристердің қаламызға келетін саяхатшылар тізімінде алғашқы бестікке кіргені қатты таңқалдырды. Себебі Алматы мен АҚШ-тың арасы алыс. 20 сағаттай жолды ұшып келу — олардың қаламызды саналы түрде таңдағанын көрсетеді. Жалпы қазір алыс шетелден туристерді тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Себебі олар көбірек ақша жұмсайды. Ал жұмсалған әр доллар қаламызға табыс әкеледі. Сондай-ақ, жақында Куала-Лумпур — Алматы рейсінің ашылуы — біз үшін бүкіл Азияны ашты. Олар бізді транзиттік хаб ретінде көріп отыр. Азияда адам көп және олар Еуропаға, араб елдеріне баратын кезде енді Алматы арқылы ұшатын болады, - деді Алматы туризм бюросының бөлім басшысы.

Руслан Жанабаев мегаполиске келетін туристердің негізгі бөлігі — жалғыз не жұп болып келген адамдар екенін айтты. Алматы туризм бюросы жүргізген сауалнама, туристердің 38%-ы жалғыз, 29%-ы достарымен келетінін көрсеткен. Сонымен қатар, сауалнама нәтижесінде Алматыға келген туристер орташа есеппен бір күнде 334 доллар жұмсайтыны және шаһарда 5 күн тұрақтайтыны анықталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу