Қыз алып қашу бізде бар – Мұрат Әбенов

332

Қолданыстағы заңнамада қыз алып қашуға қатысты жекелеген норма жоқ.

Қыз алып қашу бізде бар – Мұрат Әбенов Фото: matritca.kz

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов қыз алып қашатындарға құқықтық жауапкершілік болу керек екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

“Кеше құрылтайда Мемлекет басшысы берген тапсырманы еске салғым келеді. Қыз алып қашу бізде бар. Өкінішке қарай, кейбіреулері дәстүр атын жамылып, әлі де қыз алып қашумен айналысып жатыр. Азаматтардың құқығы бұзылады деп дұрыс айтты, жоққа шығаруымызға болмайды. Өткенді бір заңды қарадық. Мен ұсыныс беріп үлгермедім. “Адамды ұрлау” деген 125-бап бар. Алып қашады да, айқай-шу шығарып жатыр десе, жібере салады. Деректі сосын ешкім тіркемейді, әрі қарай қарамайды. Меніңше, босатқанның өзінде (деректі) тіркеуіміз керек. Заңға өзгеріс енгізу керек. Ең болмағанда (қыз алып қашатындарды) әкімшілік қамауға алайық. Қалай ойлайсыз?”, - деп сұрады мәжілісмен.

ІІМ басшысы Ержан Саденов депутаттың ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

“Сіз айтқандай, алып қашып, кейін адамды еркіне жіберетін болса, Қылмыстық кодекстің шеңберінен қарайтын болсақ, мұндай факт бар. Керек болса оны (нормаларды) енгізу керек шығар”, - деді министр.

Айта кету керек, осыған дейін депутат ашық дереккөзге сүйене отырып, қыз ұрлау мәселесінде Қазақстан Эфиопиямен бірдей тұрғанын айтқан болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қыз алып қашуды “ақтауға болмайтын заңсыздық” деп атады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу