Қызылордада қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп келген әжелердің мектебі ашылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
"Әжелер мектебі" ашылатындығы туралы "Ақмешіт-Сырдария" орталық мешітінде өткен шара барысында белгілі болды. Қажы апаларымызбен бас қосқан қала мешіттерінің ұстаздары, қыз-келіншектер "дөңгелек үстелде" қыз балалар тәрбиесі үшін маңызды тақырыптарды қозғап, ақыл-кеңестер тыңдалды. Әжелер тарапынан да салт-дәстүрге сай өнегелі өсиеттер айтылды.
Айта кетейік, бүгінде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, "Ақмешіт-Сырдария" орталық мешіті жанындағы Жалпы және жастар ісі бөлімі, Қызылорда облысы бойынша әйелдер-қыздар секторы жастарға, қыз-келіншектерге тәлім-тәрбие беру бағытындағы өз жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді. Алдағы уақытта сектор бастамасымен "Әжелер мектебі" жұмысын күшейтіп, қыз балалар тәрбиесі үшін бірқатар маңызды шаралар қолға алынбақ.