"Қыз сияқты майысады": Үй тазалаумен айналысатын жігіт өзін сынайтындарға жауап берді

419

200 адамға үй тазалатып, жұмыс беріп отырған кәсіпкер, блогер Нұрхан Нұрмаханбет бизнес саласындағы қиындықтарын бөлісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Қыз сияқты майысады": Үй тазалаумен айналысатын жігіт өзін сынайтындарға жауап берді Фото: @nurkhan_nurmakhanbet

"Менің жұмысым өте көп болғандықтан жазатын неше түрлі пікірлерді оқымаймын. Кейде көмекшілерім оқып отырады. Менің сөйлегеніме, жүріс-тұрысыма тиісетіндер көп. Қолым бос кезде өзім де оқып қаламын. Бәрінің айтатыны: "Қыз сияқты майысады екенсің". Мен оған ренжімеймін, өйткені менің жаратылысым осындай. Мен табиғи болмысымнан ажырай алмаймын. Бұл менің образым да емес. Мен үйде де осылай сөйлеймін. Жүріс-тұрысым да өзгермейді. Мен одан ұялмаймын. Себебі қалай Алла тағалам жаратты – солай әрі қарай жүріп, өз жұмысыңды жалғастырып кетесің. Маған осы кісілер айтты екен деп, "Мен енді алжапқыш тақпаймын", "Дәретхана жумаймын не болмаса әлеуметтік желілердегі қызық тиктоктарға түспеймін" деп тоқтап қалмаймын. Өйткені бұл – менің жеп отырған наным, отбасымды асырап отырмын. Осы кәсіп арқылы көлік алып жатырмын және "бір оқпен екі қоянды атып жатырмын" десем де болады, өзімнің жеке блогымды жүргізіп жатырмын. Осы блог арқылы жарнамаға да түсемін, одан да қосымша табыс түседі. Сол үшін жазылған пікірлерді көңіліме алмаймын. Керісінше, олар мені көтеріп жатыр. Сол арқылы мен дамып жатырмын", – дейді ол.

Алайда көп пікірлердің арасынан әке-шешесіне тиісетіндер де баршылық көрінеді. Блогердің тәрбиесін де сөз ететіндер табылады екен.

"Кім маған не жазып отыр екен деп күн сайын пікір оқып отырмаймын. Оған уақытым да жоқ. Таңғы 8-ден, түнгі 1-ге дейін жұмыс істейміз. Ондай адамның комментарий оқуға уақыты қайдан болсын?! Бір күні жұмыстан шаршап келіп, парақшамды ашып, оқи бастап едім, тәрбием мен ата-анам туралы айтыпты. Сол пікір мені қатты күйзеліске түсірді. "Бұл баланың әке-шешесі жоқ па?", "Әкесі неге еркекше тәрбиелемеген", "Әкесіз өскен сияқты" деген пікірді қатты көңіліме алдым. Сол сөзден кейін қатты ауырып, бір апта жатып қалдым. Күйзеліске түстім. Артық кетіп, ауыр сөз жазатындар жоқ емес”, – дейді блогер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу