Қыз зорлады деген күдікпен ұсталған полиция бастығына қатысты іс қай сатыда тұр?

324

Бүгінгі таңда тергеу амалдары әлі жүріп жатыр. 

Қыз зорлады деген күдікпен ұсталған полиция бастығына қатысты іс қай сатыда тұр? Фото: Арбат медиа

Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенат кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер министрлік өкілінен "Талдықорғандағы полиция ғимаратында полиция басқармасы басшысының қызды зорлады деген күдікке ілінгені бойынша қылмыстық іс қай сатыда тұр?" деп сұрады.

"Қай сатыда екенін айта алмаймын. Тергеу жүріп жатыр. Іс материалы сотқа жолданған кезде білетін боласыздар", - деді Игорь Лепеха.

Спикер осы жағдайдан кейін министрлікте қандай қосымша шаралар қабылданғанына тоқталды.

"Біз бұл жайтты министрліктің коллегиясында қарастырдық. Оның ішінде полиция департаментімен және жеке құраммен жиналыс өткізілді. Жеке құрам ішінде жұмысты ретке келтіру және тәртіпті қатаңдату бойынша шаралар әрдайым қабылданады. Оның бірі – аттестация жүргізу. Орта буын басшыларын аттестаудан өткізіп, сәйкес келмейтіндерді қызметтен босататын боламыз. Егер де осындай жағдайлар анықталатын болса, онда кадрлық бөлімшелердің, жеке қауіпсіздік қызметкерлері жауапкершілікке тартылатын болады", - деп жауап берді спикер.

Журналистер "Полицейлердің саны қанша адамға қысқаруы мүмкін?" екенін сұрады.

"Неге қысқарады? Біз қызметіне сай келмейтіндерді жұмыстан шығаратын боламыз, олардың орнына басқалары келеді. Мұнда мәселе қызметкерлер санын қысқарту туралы болып отырған жоқ. Халық арасынан (жұмысқа) алатын боламыз", - деп жалғастырды ол.

"Полицейлердің арасынан әлеуетті қылмыскерлер қалай анықталатын болады?" деген сауалға да жауап берді.

"Біріншіден, тұлғаларға қатысты барлық материал негізге алынатын болады. Яғни, ол осыған дейін өзін қалай көрсетті, тәртіптік бұзушылықтары және оны әшкерелейтін материалдар бар ма дегендей. Содан кейін әңгімелесу барысында көп нәрсені анықталады. Жеке қызметкерлер бойынша дербес қарастырамыз", - деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Айта кету керек, осыған дейін 27 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілінген Талдықорған қалалық ІІБ бастығы қамауға алынғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу