"Қызға таласқан": Алматыда 17 жастағы бозбаланы қатарласы пышақтап өлтірді

298

Қазір қолы қанға боялған жігіт тергеу изоляторында отыр. 

"Қызға таласқан": Алматыда 17 жастағы бозбаланы қатарласы пышақтап өлтірді Фото: KTK

Қызғанышы қанды қылмыспен тынды. Алматыда қызға таласқан жас жігіттер пышақтасып, 17 жастағы бозбала ажал құшты. Оқиға орнынан қашып кеткен күдіктіні полицейлер көп ұзамай құрықтаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

Ал достарымен бірге Тик-Ток желісі арқылы табыс табумен айналысқан марқұмды жақындары туған жері Таразда жерледі.

Томирис ықшамауданындағы үйді ұлы мен қызы аралас бір топ жасөспірім жалдап тұрған. Көрші-қолаң сейсенбіде таңғы алты шамасында солардың айқай-шуынан оянған. Мұнда оларды іздеп ересек жігіттер келген екен.

Жігіттердің дәл сол жерде басталған әңгімесі көп ұзамай төбелеске ұласқан. Артынша 21 жастағы ер бала өзінен төрт жас кіші жігітті пышақтап, жасөспірім оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

“Бір бала дарбазаны ұрып, айқайлап жылап жатты. Қолы қан-қан, былай қарай жүгіріп кеткен. Екі жедел тобы келді. Бірден жедел жәрдем де жетті. Ана баланы жылдам алып кетті”, – дейді көршісі Ырысты Қалжан. 

Содан кейін бұл маңай тынышталып қалған. Жасөспірімдер жалдап тұрған үй қазір бос тұр. Ал қанды қылмысқа жігіттің қызғанышы себеп болған көрінеді.

“Ересектері болды, бұлардың. "Төбелес не үшін болды" деп сұрадым. "Қыз үшін болды, ана қыз полицияның машинасында отыр" деді”, – дейді көршісі. 

Куәгерлердің айтуынша, марқұмды пышақтаған соң, күдікті көлікке мініп қашып, полицейлер оны алысқа ұзатпай ұстаған. Қазір қолы қанға боялған жігіт тергеу изоляторында отыр. Ал 17 жастағы Әлібекке сұғылған пышақ тәркіленген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

“Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың басқа да мән-жайы анықталып жатыр”, – дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Көршілерінің айтуынша, ұл-қыздардың мұнда көшіп келгеніне бір айдай ғана болған. Олардың бәрі Тик-Ток желісі арқылы табыс табумен айналысқан көрінеді. Марқұмды жақындары өзінің туған жері Тараз қаласында жерледі. Ал күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу