Кәсіпкер Нұрсұлтан Асановтың айтуынша, қызғалдаққа сұраныс 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында артады екен.
Қызғалдақ өсіру идеясы басында қызығушылықтан туындапты. Осыдан төрт жыл бұрын хоббиін кәсіпке айналдырған Нұрсұлтан Асановтың қызғалдақтары қазір Тараз қаласының ішкі сұранысын толық өтеп отыр.
Кәсіпкер гүлдің ұрығын пиязшық күйінде қараша айында Голландиядан арнайы алғызады. Қызғалдақ наурызда гүл ашуы үшін сол айда егіп, бірден күтімге алады.
"Жылыжайда осы гүлдің 10 түрін өсіреміз. Негізінен 8 наурыз "Халықаралық әйелдер күніне сұраныс көп түседі. Тараз қаласы тұрғындарының тапсырысын өзіміз жеткізіп беріп тұрамыз", – дейді кәсіпкер.
Гүл өсірудің де машақаты аз емес. Нұрсұлтан Асанов Жамбыл өңірінде жел жиі тұратындықтан, жылыжайдың жабындыларын ұшырып кетіп, шығын шығатын кездер де кездесетінін айтады.
Жалпы флорис мамандар 8 наурызда қыз-келіншектерге қызғалдақ сыйлауға кеңес береді. Себебі бұл гүл – наурыздың символы саналады. Әрі қыз бен қызғалдақтың жаратылысы ұқсас, өте нәзік.
Ардақ Үсейінова