Мәжіліс ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжат "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" 2022 жылғы 13 сәуірдегі Президент Жарлығын іске асыру мақсатымен әзірленген.
"Қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасыларына ай сайынғы төлемдер берілетін болады. Ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша заң жобасында бүгінгі таңда ай сайынғы төлемдер алмайтын тұлғалардың жағдайын жақсартуға бағытталған түзетулер көзделуде. Жаңа нормаға сәйкес, қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан барлық құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері бір жолғы төлемдерден бөлек, қосымша ай сайынғы төлемдер алуға құқылы болады (жесірлерге – өмір бойы, балаларға – 23 жасқа толғанға дейін)", - делінген Мәжіліс таратқан хабарламада.
Бұл санатқа 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелері енгізіледі. Бүгінде бұл санатқа ай сайынғы ақшалай төлем алмаған 530 отбасы кіретін болады.
Бұдан бөлек заң жобасында техникалық қарасора өсімдігін өндірістік мақсатта өсіруге рұқсат ету туралы да айтылған.