Бүгінгі күні инвентаризацияның қорытындысы бойынша қызмет көрсететін нысандардың саны - 1 859. Олардың 33%-ы (618) ұлттық стандартқа сай келеді. Бұл туралы ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бүгін үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылы (жергілікті атқарушы орган, "Атамекен" КҰП, "Даму" КДҚ" АҚ, бизнестің ірі субъектілері) қызмет көрсету нысандарын ұлттық стандартқа сәйкестендіру, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мәселелері бойынша жұмыс топтары құрылды.
"Қызмет көрсету нысандарын дамытудың іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жыл қорытындысы бойынша қолданыстағы 113 нысан жаңартылып, 22 нысан жаңадан салынды. Жалпы, 2017 жылы Ұлттық стандартқа сай келетін нысандар саны 135-ке жетті. Сонымен қатар, "KazWаy" модульдік сервисінің 2 павильоны орнатылды", - деді министр.
Биыл 200 нысанды жаңалап, 36 нысанды салу жоспарланып отыр. 2018 жылдың соңында ұлттық стандартқа сай келетін нысандар санын 818-ге дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, GoogleMaps, Яндекс Карта, IRU Transpark картасына қызмет көрсету нысандары туралы ақпаратты енгізу жұмыстары жүргізілуде.