Павлодар мұнай-химия зауытының бұрынғы басшылары Оспанбек Әлсейітов пен Шухрат Данбай бес жыл аралығында қызметін асыра пайдаланып, соның салдарынан 750 млн теңге көлемінде шығын келтірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Осы жылдың ақпан айында экономикалық тергеу департаменті ПМХЗ басшысы Оспанбек Әлсейітовке қатысты кәсіпорынның кейбір қызметтерін аутсорсингке заңсыз шығару бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастаған болатын.
Кейін зауыттың бұрынғы басшысы Шухрат Данбай да тұтқынға алынған еді.
Бұрынғы бас директорлар мен топ-менеджерлерге қатысты іс сотта қысқартылған режимде қаралды. Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, Шухрат Данбай мен Оспанбек Әлсейітов 2017-2022 жылдар аралығында лауазымды тұлға бола отырып, алаяқтық арқылы қызметін асыра пайдала отырып, зауыт мемлекет 753 млн 189 мың 541 теңге көлемінде шығын келтірді.
Сотта атап өтілгендей, қылмыстық іс сотқа кінәні мойындау формасында түскен.
"Бұл ретте айыпталушылар өз кінәларын толығымен мойындап, өкінетінін айтты және шығынды орнына келтірді", – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Сот екі айыпталушыны да кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеді.
Үшінші айыпталушы – Ержан Атақұлов ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін 5 жылға шартты түрде сотталды. Сондай-ақ олар қаржы және коммерциялық ұйымдарда 10 жыл басшылық қызмет ету құқығынан айырылды. Ескертусіз тұрғылықты жері мен жұмыс орнын ауыстыруға, көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынды.