Қызметтерді бәсекелес ортаға берудің тәсілдері айқындалады

1198

Бұл туралы Парламент сенатының жалпы отырысында ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті.

Қызметтерді бәсекелес ортаға берудің тәсілдері айқындалады Фото: kursiv.kz

Жалпы отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орталық және жергілікті атқарушы органдарының функцияларын бәсекелес ортаға беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Құжат "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 97- қадамын іске асыру үшін әзірленген және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға берудің құқықтық негізін қалыптастырады.

"Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар функцияларын бәсекелес ортаға берудің айқын критерийлері жоқ. Осыған байланысты заң жобасында мыналар айқындалады: функцияларды беру мақсаттары, қағидаттары мен тәсілдері; функциялар сапасыз іске асырылған жағдайда, оларды қайтару тетігі; Үкімет,  мемлекеттік органдар, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы, функцияларды орындаушылар және Үкімет жанынан құрылған Комиссия өкілеттіктері. Жекелеген функцияларды бәсекелес ортаға беруге тыйым салынатынын атап өту керек. Бұл ұлттық және ақпараттық қауіпсіздікті, қорғанысты, қоғамдық тәртіп пен тағы басқаларын қорғауға бағытталған қызметтер", – деді Руслан Дәленов.

Атап айтқанда жобада функцияларды бәсекелес ортаға берудің тәсілдері айқындалады. Бұл функцияларды міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеу, аутсорсинг, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, мемлекеттік тапсырма арқылы және функцияларды қолданушылар есебінен беру тәсілдері.

"Жобаға сәйкес, функцияларды бәсекелес ортаға беру Комиссияның шешімдері негізінде жыл сайын жүзеге асырылады. Бұдан басқа, жобада берілген функциялардың іске асырылуын мониторингілеу рәсімі енгізіледі. Мониторинг нәтижесі қанағаттандырмаған жағдайда, Комиссия жүргізілген талдау негізінде тиісті заңнамалық өзгерістерді қабылдау жолымен функцияларды қайтару жөнінде ұсынымдар әзірлейді. Жалпы, осы рәсімдердің барлығы қоғам үшін ашық және айқын. Бұл азаматтық қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен талқылау үшін тартуға мүмкіндік береді. Заң жобасы бәсекелес орта арқылы дамуға және мемлекеттік органдар функцияларының сапасын арттыруға бағытталған", – деді министр.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу