Әкесі мен қызының табысуына Қостанай облысының полиция қызметкерлері көмектескен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полицейлер жоғалған адамдарды іздеуде және туыстық байланыстарды қайта орнатуда жоғары кәсібилігін көрсетті. Өткен жылы облыстық полиция департаментіне туыстарымен, ата-аналарымен, бауырларымен немесе әпкелерімен байланысын жоғалтқандар туралы 110 өтініш келіп түскен. Жедел әрі үйлесімді жұмыстың нәтижесінде олардың 85-і табылып, жақындарымен қайта қауышыпты.
"Адамдардың жоғалуының басты себептері – байланыс үзілгендігі, тұрғылықты жері туралы ақпараттың болмауы және туыстар арасындағы ұзақ жылдық түсініспеушіліктер мен жанжалдар. Мәселен, 58 жастағы Александр Хан Қазақстаннан белгісіз себептермен кеткен. Оның қызы Юлия Хан Қостанай қаласының полиция басқармасына жүгініп, жоғалған әкесін табуға көмек сұрады. Әкесін табу оның өмір бойғы арманына айналған", – делінген хабарламада.
Александр Ханның 1995 жылы алыс шетелге тұрақты тұруға кетіп қалғаны анықталды. Отбасымен байланысын толықтай үзген. Полиция қызметкерлері Юлияның үмітін үзбей, іздеу жұмыстарын жалғастыра берген.
"Көші-қон қызметі мамандарының кәсіби және үйлесімді әрекеттерінің арқасында Александр Ханның Францияда ұзақ жылдар бойы тұрғаны анықталды. Әртүрлі себептермен ол туыстарымен байланысын жалғастыра алмаған, бірақ қызының табандылығы мен полицейлердің еңбегі бұл олқылықтың орнын толтырды. Жиырма жылдан кейін әке мен қыз қайта қауышып, бұл кездесу Хан отбасы үшін үлкен қуанышқа айналды. Бұл оқиға – үміттің қаншалықты маңызды екенін және жақсылыққа сенудің әрдайым өз жемісін беретініне жарқын мысал. Полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысы мен адамгершілікке толы еңбегі нәтижесінде ажыраған туыстық байланыс қайта орнап, отбасы өз жарасымын тапты. Бұл жағдай отбасы құндылықтарын сақтауда тәртіп сақшыларының жеке үлесінің маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді", – делінген Қостанай облыстық ПД таратқан хабарламада.