Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстық прокуратураның үйлестіруімен облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткіні жеткізу арнасының жолын кесті.
Петропавлдың бұрын істі болмаған 29 жастағы тұрғыны жедел тексеріс кезінде ұсталды. Ол Астана қаласынан облыс аумағында тарату үшін аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні жеткізді деген күдікке ілініп отыр.
Жеке тінту кезінде қыздан қоңыр-сарғыш түсті ұнтақ тәріздес зат салынған 20 түйіншек алынды. Тұрғылықты жері бойынша полицейлер дәл осындай затпен полимерлік пакеттерді, өлшеу құралдарын және заттың іздері бар электрондық таразыны анықтады.
Сараптама алынған зат "тұз" атауымен белгілі α-PvР синтетикалық есірткісі екенін көрсетті. Тәркіленген заттың жалпы салмағы – 1 кг 113 гр.
Бұдан бөлек, полицейлер ұсталғанның 51 жастағы әкесінің гаражынан тіркелмеген қаруларды тапты.
"Есірткіні өткізу мақсатында сатып алу, тасымалдау және сақтау фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, қаруды сақтау фактісі – ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы 3-б. бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіні жеткізу арналарының жолын кесу, сату фактілерін жою бойынша жұмыс жүргізеді. Жыл басынан 123 адам есірткіге қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 35-і есірткі сатқаны үшін. Заңсыз айналымнан 415 кг астам психбелсенді зат алынды", – деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.