"Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер әзірленді. Сонымен бірге кесілген ағаштардың орнына өтемдік ағаш отырғызу нормаларын ұлғайту көзделген. Мысалы, құқық бұзушылықтардың қайталануына байланысты айыппұлдарды жеке тұлғаға 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіштен 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру ұсынылады", – деді министр.
Осылайша Үкімет отырысында Премьер-министр экология, ауыл шаруашылығы, индустрия, қаржы министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, екі ай мерзімде Ормандарды қалпына келтірудің және ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді жүктеді. Ал өңірлердің әкімдіктеріне елді мекендер мен мемлекеттік орман қорындағы жасыл желектерді мониторингілеу, түгендеу, олардың жай-күйі мен пайдаланылуын бақылау, орман қорғау қызметтерін материалдық-техникалық және кадрлық жарақтандыруды нығайту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Құралай Құдайберген