Алматы облысында жүзден аса үй қызыл сызықты басып кеткені үшін қиратылуы мүмкін, деп хабарлайды ktk.kz.
Бірнеше жыл бұрын жер сатып алып, үй салған Кемертоған ауылының тұрғындары енді қоныстанып, рахатын көре бастағанда жергілікті басшылық жерді босатыңдар деп отыр. Оның орнына шенеуніктер ауылдықтар үшін арнасы кең асфальт жол төсемекші. Алайда тұрғындар әкімдік айтты екен деп орнынан көшкісі жоқ.
Ақ жағалылардың айтуынша, бұл мәселеде бас қатыратын ештеңе жоқ. Тұрғындар шаруашылық мақсаттағы жерлерге үй тұрғызған.
"2015 жылы осы мәселе көтеріліп, облыс әкіміне дейін жеткен еді. Содан облыс басшысы жоспарды түзетуге рұқсат берді. Ол уақытта 211 құрылыс нысаны заңсыз орналасқан болатын. Былтыр біз сол жоспарға өзгеріс енгізіп, қызыл сызықтағы үйлердің санын 126-ға дейін қысқарттық", - дейді Қарасай аудандық сәулет-құрылыс бөлімінің бас маманы Ермұхан Дәрішев.
Ал тұрғындардың сөзіне сенсек, жапатармағай үй тұрғызып жатқанда жоғарыдан мыналарың заңсыз деп келген біреу болмапты. Қызыл сызықтағы 126 үйді түгел қирату мәселесі де тағы біразға созылайын деп тұр. Өйткені жергілікті басшылықтың батылы бармаған болу керек, түйткілді мәселенің шешімін тағы да облыс басшысына қалдырыпты.