Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында балық шаруашылығын дамыту ісі қолға алынды.
"Созақ балық өнімдері" коорперативі Құмкент ауыл округіндегі Қызылкөл көліне 30 мың сазан шабағын жіберді. Мұнан бөлек, Аққолтық елдімекеніндегі Үштөбе су қоймасына жеке кәсіпкер Ж.Нұрпейісова 30 мың дана сазан шабағын салды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Шабақтар Тараз қаласындағы қолдан балық өсіру шаруашылығынан жеткізілген. Кәсіпкер балықты күтіп-баптауға ерекше көңіл бөліп, жіті қадағалайтынын айтады.
"KAZ.GOLD.FISH" директоры Дінмұхаммед Қожахметтің айтуынша, алдағы аптада аудандағы 8 шағын көлді балықтандыру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, облыста бүгінде 3 балық өңдеу зауыты мен 28 балық шаруа қожалығы бар. Бұл кәсіпорындарда жылына 6 мың тоннаға дейін балық өңделеді.