Қызылорда айналма жолын қайта жаңартуға 40,7 млрд теңге бөлінеді

116

ҚазАвтоЖол ҰК мен Ислам даму банкі Қызылорда айналма жолын жаңғыртуға келісім жасады. 

Қызылорда айналма жолын қайта жаңартуға 40,7 млрд теңге бөлінеді Фото: gov.kz

Республикалық маңызы бар "Қызылорда қаласының айналма жолы" автомобиль жолын қайта жаңарту жобасын қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатқа "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев және Ислам даму банкінің өңірлік хабының басшысы Хан Әли Мухаммад қол қойды. 

Аталған жобаны іске асыру Қызылорда облысының көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Жоба жол желісінің өткізу қабілетін арттыруға, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейтуге және өңірдегі елді мекендердің көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында жалпы ұзындығы 25 шақырымды құрайтын айналма жолды қайта жаңарту көзделген. Атап айтқанда, 14,6 шақырым учаске I-б техникалық санат талаптарына дейін жеткізілсе, 10,4 шақырым бөлігі II техникалық санатқа сәйкестендіріледі. Жобаны іске асыру мерзімі 2026–2029 жылдарға жоспарланған.

"ҚазАвтоЖол" басшысы Дархан Иманашев атап өткендей, халықаралық қаржыландыруды тарту стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға және заманауи, қауіпсіз әрі тұрақты жол желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

"Қызылорда қаласының айналма жолын қайта жаңарту өңір үшін ғана емес, елдің жалпы көлік жүйесі үшін де маңызды. Жоба көлік ағындарын тиімді қайта бөлуге, қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруға, сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін беруге ықпал етеді", – деді Дархан Иманашев.

Жоба бойынша конкурстық рәсімдер жобалау, құрылыс және кейінгі пайдалануды қамтитын DBM тетігі негізінде өткізілді. Конкурс қорытындысы бойынша отандық мердігер ұйым анықталды.

Жобаны іске асыру айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық тиімділік береді деп күтілуде. Атап айтқанда, жолды қайта жаңарту нәтижесінде жол жүру уақыты қысқарып, көлік қатынасының тиімділігі артады және 492 жаңа жұмыс орны ашылады.

Ислам даму банкімен келісімге қол қою Қазақстанның инфрақұрылымдық бастамаларына халықаралық қаржы институттарының жоғары сенім білдіретінін көрсетеді және автожол желісін одан әрі жаңғыртуға қосымша мүмкіндіктер ашады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу