Қызылорда қалалық полиция басқармасының басшысы ұсталғаны рас па?

8559

"Қызылорда полиция басқармасының бастығы Н. Ағаділовке қатысты жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол кезекті еңбек демалысында, бүгінгі күні оған қатысты қандай да бір процессуалдық шара қолданылған жоқ".  

Қызылорда қалалық полиция басқармасының басшысы ұсталғаны рас па?

Әлеуметтік желіде желдей ескен алып-қашпа ақпарат жүр. Онда Қызылорда қаласы полиция басқармасының басшысы Нұрлан Ағаділовті қызметтік кабинетінде есірткі сақтағаны үшін деп құрықталды, делінеді.

Бұл туралы қоғам қайраткері Үйтолған Жәреке әлеужелідегі парақшасында жариялады. Жазбасында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанды қызметінен алып кетуін сұрайды.

"Қызылордадан Бектөре Сұлтанды қашан алып кетесіз? Жергілікті кадрлардың түбіне жетіп болды. Соның тапсырмасын орындаймын, "салығын" жинаймын деп-ақ опық жеп жатыр. Былтыр бірнеше ірі көлемде пара алу, есірткі сату, есірткі сатқандарға қорған болу (крыша) фактілері анықталса да орнында отыр. Жергілікті кадрлар, саланың сайыпқыран сақшылары Искаков, Шағырбаевтар осы кісінің тұсында істі болды. Демек Бектөренің жүйесіне адал, талапшыл басшылар керек емес деген сөз.

Жуырда ғана, сәуірде Қызылорда қалалық Полиция басқармасына Ағаділовті тағайындаған болатын. Осы уақытқа дейін мінсіз қызмет атқарған Нұрлан Амантұрұлының тура алты жарым ай дегенде қолына кісен салынды. Кабинетіне ірі көлемде есірткі сақтапты-мыс. Не ойларыңды білмейсің.

Қазір тәртіп сақшыларының кәсібилік деңгейі түсіп кеткен. Тіпті заңды білмейтіндері де жетеді. Жалпы Қызылорда облысы полиция департаментінің жұмысынан жүйе кетті. Олар қоғамдық тәртіппен емес басқа нәрсемен айналысып жүр", делінеді жазбада.

Желідегі жазбаға пікір білдіргендердің қарасы қалың. Полицияның қоғам бетмоншағына айналуын талап еткен жұртшылыққа Қызылорда облыстық полиция департаменті жауап берді. Онда қалалық полиция басқармасы бастығының ұсталғаны жоққа шығарылған.

"Қызылорда полиция басқармасының бастығы Н. Ағаділовке қатысты жарияланған ақпарат шындыққа жанаспайды. Ол кезекті еңбек демалысында, бүгінгі күні оған қатысты қандай да бір процессуалдық шара қолданылған жоқ", – деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Қызылорда облысы полиция департаментінің басшылығы полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне қатысты кез-келген жағдайды сорақылық және оған жол беруге болмайды деп санайтындарын, сонымен қатар өз қатарын осындай басшылар мен қызметкерлерден түбегейлі тазарту ұстанымын қолдайтынын да атап өтеді. 

"Қызметтік тәртіп пен заңдылықты нығайту, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдау жөніндегі кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді", – делінген мәлемдемеде.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу