18 мыңнан аса тұрғыны бар аумаққа 4 учаскелік және 2 ювеналды полиция инспекторы ғана қызмет көрсетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ресми мәліметке сүйенсек, Қызылорда облысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыс бірнеше есеге артқан. Өткен жылы кәмелетке толмаған 84 баланың қылмыс жасағаны анықталған.
Бүгінде Сырдария өзенінің сол жағалауында 80-ге жуық көпқабатты үй бар. Жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттар мен тұрғынүйлер де көп. Мөлтек аудан тұрғындары қас қарайса, ұры-қары көбейіп, бұзақылар қаптайтынын айтып шағымданады. Сондай-ақ, түннің ортасында жеңіл көліктердің дауысы жер жарып, тұрғындарға ұйқы бермейтін көрінеді.
"Екі жылдан бері сол жағалаудың тұрғынымын. Әдепкі уақытта бәрі тыныш еді. Соңғы кездері ұрлық та, топтық төбелес те, айғай-шу да біз жақта. Бізге полиция бекеті керек. Сосын камера көптеп қойылса деген тілегіміз бар. Сол кезде бұзақылар аяқ тартады деп ойлаймыз", - дейді Ерсін есімді тұрғын.
2023 жылы сол жағалаудағы жаңа мөлтек аудандада 260 құқықбұзушылық, 22 қылмыс тіркеліпті. Қызылорпдалық полицейлер "Жасөспірім" профилактикалық іс-шарасы аясындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп жатқанын айтады.
"Облыс көлемінде 16-18 ақпан "Жасөспірім" профилактикалық іс-шарасы барысында алкогольдік ішімдік ішетін, заңды өкілдердің ілесіп жүруінсіз түнгі уақытта үй-жайлардан тыс болатын, тыныштықты бұзатын, ұсақ бұзақылық жасайтын кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ оларды қоғамға қарсы іс-әрекеттер жасауға тартатын адамдарды анықтау бойынша және жастардың шоғырлану орындарын (аулалар, жертөлелер және т.б.) тексеру жұмыстар жүргізілді.
Іс-шараның үш күнінде ішкі істер органдарына 256 құқық бұзушы жеткізілді.
Түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық кешендерінде және тұрғын жайдан тыс жерде жүргендері үшін 210 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды, ал қадағалаусыз жүрген сегіз бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді, - деп хабарлады Қызылорда облысының Полиция департаменті.
Сол жағалаудағы қылмыс пен құқықбұзушылықты азайту үшін жауаптылар патрульдік экипажды арттыруды, камералар қоюды көздеп отыр. Одан бөлек, штаттық бірліктерді ұлғайтып, Ұлттық ұлан сарбаздарын жұмылдыруды да жоспарлаған. Шынында, Қызылорда қауіпті қала емес, бірақ сол жағалау қауіпсіз болмай тұрған секілді.