Қызылорда облысының қолөнершілері ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындалып жатыр, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Қарлығаш" қолөнер шеберлері орталығының бастамасымен А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыс қолөнершілерінің көрмесі өтті. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің қарсаңында өткізіліп отырған шараға 40-қа жуық қолөнерші қатысты.
Барлық мемлекеттен өкілдер келіп тамашалайтын халықаралық көрме маршруттарына біздің облыстан да нысандар енгізілгені белгілі.
Жергілікті қолөнершілердің басын қосқан орталық жетекшісі Қарлығаш Ілиясованың айтуынша, Сыр топырағындағы Қорқыт ата кешені мен Байқоңыр ғарыш айлағына келген қонақтар назарына осы шеберлер ұсынған дүниелер де ұсынылмақ.
Шараға қолдау көрсеткен "Самұрық" инновациялық идеяларды дамыту орталығы өкілдері Зылиха Қалендарова, Атакент Маутова, Шайх-Ислам Мағауияұлы, Қанат Өтепбергенов, Құрманғазы Бектұрсынов, Айсұлу Асқарбековаларға марапат тапсырды.