Қызылорда құрылыс материалдарының бағасы өскен

1836

Орта есеппен 100% қымбаттаған.

Қызылорда құрылыс материалдарының бағасы өскен

Бұл деректі Қызылорда облысы бойынша Қазақстан құрылысшылар Одағының төрағасы Манарбек Еспенбетов айтты, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. Осыған орай алдағы уақытта тұрғын үй нарығында баға өзгеруі мүмкін. Мәселен, жаңа тұрғын үйдегі 3 бөлмелі пәтердің құны бұрын 9-10 млн болса енді 12-13 миллионға дейін қымбаттауы мүмкін. Өйткені құрылысқа қажетті тауарлар құны биыл шектен тыс қымбаттап, құрылыс компаниялары шығынға шаш етектен батқан.

"Құрылыс материалдарының бағасы 50-ден 250%-ке дейін өсті. Орташа алғанда 100%. Бұл құрылысшыларға теріс әсерін тигізіп жатыр. Былтырғы жылы тоннасы 17 мың теңге тұратын өзіміздің Шиеліден шығатын цемент қазір 31-35 мыңға дейін көтерілді. Бұдан бөлек Қызылордадан шығатын қыштың өзін бізге былтырлары 40 теңгеден әкеп берсе, биыл 70 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Арматура 220000-454000-ға дейін көтерілді. Тұрбалардың бағасы 300000-750000-ға дейін барды. Бағасы көтерілмеген ешқандай материал қалған жоқ",– дейді құрылысшылар Одағының төрағасы. 

Ал аймақ құрылысындағы отандық өнімнің үлесі қанша деген сауалға жауап іздесек, дәл қазір облыста құрылысқа қажетті тауар өндіретін 50-ге жуық кәсіпорын бар екен. Бірақ құрылысқа қажетті пластик құбыр, шатыр жабындысын шығаратын кәсіпорындар жоқ. Алғашқы 4 айда құрылыстағы жергілікті өнімнің үлесі бар болғаны 69%-ды құрапты, қалғаны сырттан тасымалданған.

Бүгінгі күні облыста 30 әлеуметтік нысанның құрылысы жүруде. Оның 21-і былтырғы жылдан өтпелі, 9-ы жаңа нысан. Жыл соңына дейін 18 ғимаратты ел игілігіне беру жоспарланса, қалғандары келер жылы аяқталмақ. Ал "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде биыл 105 тұрғын үй салу жоспарланған.

"Биылғы жылдың 6 ай қорытындысымен 9000 шаршы метр баспана пайдалануға беріліп, тұрғын үй жоспары 105%-ке орындалды. "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен 3000 шаршы метрді құрайтын 105 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл тұрғын үйлерде 2158 пәтер бар. Жыл аяғына дейін 94 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр", - деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов.

 Шығынға батып отқан құрылыс компаниялары құрылыс заттарының әу бастан жоба сметалық құжатта қатталған бағасымен қазіргі нарық бағасының арасы жермен көктей деп отыр. Бұл уәжге басқарма басшысының орынбасары сметалық нормаға өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді.

"Құрылыс материалдарының қымбаттау мәселесі бойынша туындаған 49 обьектінің тізімін комитетке жолдадық", – деді А.Нұрмағанбетов.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жоба сметалық құнын қайта қарауға жіберген 49 нысанның 24-і бүгінде оң қорытынды алған. Ал қалғандары қаралу үстінде екен. Егерде оң шешімі табылса жаңа тұрғын үйдің квадрат метрінің құны көтерілмек. Құрылысшылар болса енді нарықтағы құрылыс заттарының бағасы арзандамайды деп отыр.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу