Қызылорда облысы: "жасыл" технологияларды енгізу бойынша меморандумға қол қойылды

1395

Қызылорда облысы: "жасыл" технологияларды енгізу бойынша меморандумға қол қойылды

"Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басшысы Рәпіл Жошыбаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қызылорда облысына "Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы" КЕ АҚ делегациясы іс-сапармен келді. Бағдарлама шеңберінде делегация мүшелері Арал өңірінде "жасыл" технологияларды енгізу жөнінде кеңес пен Қызылорда облысында инновациялық технологияларды енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысып, өңірдің бірқатар объектілерін аралады, делінген ҚР энергетика министрлігі баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ресми кездесу барысында Рәпіл Жошыбаев "жасыл" энергетика, жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі мен энергия үнемдеу, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастық орнатуының маңыздылығын атап өтті. 

"Техникалық және әкімшілік қолдау, сондай-ақ жасыл инвестициялық жобаларды сүйемелдеу шеңберінде Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Қазақстан өңірлерінде "бірыңғай терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар жасыл технологиялар реестрін қалыптастыру және жүргізу, ал жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекет ету шеңберінде өңірлік "жасыл жобалар картасын" әзірлеу жоспарлануда. Бұл жұмыс ҚР өңірлерінде әлеуетті төмен көміртекті жобаларды анықтап, жасыл жобаларды іріктеу әрі жүзеге асыру мақсатында бизнес үшін платформа жасақтауға жол ашады", - деді Рәпіл Жошыбаев.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өңірде "жасыл" экономикаға көшу және инвестицияларды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Мәселен, өңірде энергияны үнемдеу саласында қызу шамдарын энергия үнемдейтін шамдарға ауыстыру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп, нәтижесінде көше жарығына электр энергия шығындары 12 % азайды. Қалдықтарды басқару саласында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін компаниялар пайдаланылған автокөлік дөңгелектерін өңдеп, тротуар плиталары мен черепица шығарып, резеңке ұнтағы мен тамшылатып суару үшін пайдаланылатын жерасты құбырларының өндірісін қолға алды және т.б.

Кеңес қорытындысы бойынша Қызылорда облысында "жасыл технологияларды" енгізу және инвестицияларды, оның ішінде халықаралық инвестицияларды тарту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған меморандум тұрақты даму, экология, "жасыл" энергетика мен жаңартылатын энергия көздері, энергияны үнемдеу және энергия тиімділігі, цифрландыру, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу және ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша өзара әрекет етуді көздейді.

Қызылорда облысындағы жұмыс сапары барысында делегация мүшелері Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа қаланың объектілерін, автокөлік шиналарын өңдеумен айналысатын "Смарт Раббер" ЖШС және облыс орталығының бірқатар әлеуметтік және мәдени объектілерін аралады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу