Қызылорда облысына 11 елден инвестор тартылады

962

Қызылорда облысына 11 елден инвестор тартылады

Қызылорда облысының мамандары шетелдік компаниялармен кездесіп, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша келіссіздер жүргізді, деп хабарлайды strategy2050.kz.

Облысқа 11 елден инвестор тартылады. Олар ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуге қызығушылық танытуда. Қызылорда облысында 50 мыңнан астам гектар жер пайдаланусыз жатыр. Қалталы азаматтардың осында кәсібін дамытуға мүмкіндіктері мол.

"Осы уақытқа дейін индустриялық жобалар бойынша 8 елге өнімдерімізді экспортқа шығардық. Ал биылдан бастап 10 елге өнімдерімізді таратамыз. Бір ғана мысал, бағдарлама аясында 2 бірдей испандық цехты іске қосқан "Аралтұз" АҚ өткен жылы шет елдерге 60 пайыз өнімін экспорттаған болатын. Тек соңғы 2 жылда Ресей нарығында ас тұзы бойынша 12 пайыз үлесті иеленді", - деді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев.

Сонымен қатар, облыс көлемінде индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 24 жоба жүзеге асырылуда.

Жалпы алғанда, 17 жоба іске қосылған болса, екінші бесжылдық аясында іске асырылатын 24 жобадан бүгінгі күні 3 жоба іске қосылды.

2017 жылдың 7 айында барлық іске қосылған жобалар арқылы 10,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемінің 12,1 пайызын құрады.

Сондай-ақ, өнеркәсіп саласында осы жылы 23 жоба іске қосылады. Оның ішінде 10 кәсіпорын индустриялық аймақта орналасқан. Осыған дейін 7 шағын және орта кәсіпорын ашылған болатын. Жыл соңына дейін 16 кәсіпорын іске қосылмақ. 551 адам жұмыспен қамтылады.

Өңдеу өнекәсібі саласында жыл басынан бері 57,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Ал инвестиция көлемі 19 пайызға өсіп, 92 млрд теңгені құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу