Тауарлы газдың 1000 текше метрін тасымалдау қызметі 5941,35 теңге болып бекітілді.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті газ бағасына орай жария тыңдау өткізді. Онда 2020-2025 жылдарға арналған газ тасымалдау тарифтерінің бағасын бекітті.
Келер жылдан бастап "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалының тауарлық газ таратушы жүйелері төмендетілген тарифпен газ жеткізетін болады.
Бұл туралы облыс департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова айтып берді.
Жыл аяғында тауарлық газды тасымалдау қызметі тарифінің қолданыстағы мерзімі аяқталады. Осыған орай, 2020 жылдан бастап жаңа тарифтік бағаны бекітуге "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қызылорда өндірістік филиалы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен жария тыңдау өткізді.
Қатысушылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлерді ескерген департамент басшысы тауарлы газдың 1000 текшеметрін тасымалдау қызметі 5941,35 теңге болып бекітілгенін айтты.
"Бұған дейінгі құны 9081,51 теңге болып келген. Жаңа тариф бұған дейін қолданыста болған тарифпен салыстырғанда 34,6 процентке төмен", деді.
Бүгіндері қала тұрғындары газдың мың текшеметрі үшін 20902,93 теңге төлесе, заңды тұлғалар 21 мың теңгеден аса төлейді.
Тариф және тарифтік сметаны бекіту ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің міндетіне кіреді. Бекітілген тарифтік смета 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.
Нұрбек Дәуренбеков