Қызылорда облысында 30-ға жуық су басуы мүмкін аймақ бар

2024 жылы мұз жаруға және қап алуға Қызылорда облысының бюджетінен қаржы қаралып отыр.   

Қызылорда облысында 30-ға жуық су басуы мүмкін аймақ бар Фото: Бағдат Есжанов

Табиғи апаттың алдын алу үшін 360-тан аса техника, 120-ға жуық жауапты мекеме бекітілген. Дәл осы уақытта "Қызылорда су торабынан" 235 текше метр су өтуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Шардара" су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 400 текше метр су жіберіліп жатқанын жауапты мамандар айтып отыр. Арал ауданы мен Қызылорда қаласы аумағындағы өзен арнасында толықтай мұз қатқан. Шиелі ауданында мұз 80 пайызға ұстасса, Жаңақорған ауданы аумағында 15 пайыз күр жүруде.

Жалпы, өңірде 29 ықтимал су басу аймағы анықталған. Бұл аймақтарға қала және аудан әкімдіктері 364 арнайы техника және 1102 адам күші бар 116 жауапты мекемені бекіткен. "Қазавиақұтқару" акционерлік қоғамымен жасалған келісімшартқа сәйкес, 1 тікұшақ дайын. 2024 жылға мұз жаруға және қап алуға облыс бюджетінен 14,8 миллион теңге бөлінген.

Қала және аудан әкімдіктерінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, су тасқынына қарсы пайдаланылатын материалдық-техникалық қорда 117,9 тонна жанар-жағармай және 140000 данаға жуық қап сақтаулы. Сондай-ақ, 17700 бау қамыс, 5800-ден аса пашын және 2400 дана қарабура мен тағы басқа қажетті материалдар қоры жасақталған. Қажет болған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру үшін 59 жинақтау және 69 қабылдау эвакуациялық пункті дайын тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу