Қызылорда облысының Жаңақорған ауылында жайылып жүрген 700-ге жуық ұсақ мал өрттен қырылып қалды. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
"2020 жылғы 21 қазанда сағат 18.50-де Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Аққорған ауылдық округі Түгіскен ауылында (жақын жердегі 74-ӨСБ дейінгі арақашықтық) шамамен ауданы 30 гектар шабылған күріш алқабында құрғақ сабан жанған. Өрт 21 қазанда сағат 21.48-де толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге ТЖД мен ерікті өрт сөндіру құралымдарынан 19 адам мен 5 бірлік техника жұмылдырылды", – деген хабарлама таратты ресми органның өкілі.
Ақпаратқа сүйенсек, өрт салдарынан алдын-ала болжам бойынша жеке шаруа қожалығына тиесілі жайылып жүрген 700-ге жуық қой өртенген. Сондай-ақ күйіп қалғандары да бар.
"Олардың нақты саны анықталуда. Оқиға орнында арнайы құрылған комиссия жұмыс істеуде", – деп жазылған хабарламада.