Қызылорда облысында адвокат елді қорқытып, ақша талап еткен

447

Күдікті 5 жылға сотталды. 

Қызылорда облысында адвокат елді қорқытып, ақша талап еткен Фото: freepik

Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты О.Курбанов Жаңақорған аудандық сотының үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесі бойынша тергеу органы О.Курбановқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша (ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында қорқытып алушылық) айып тақты.

Аталған қызметкер бірнеше рет ірi мөлшерде бөтеннің мүлкін мәжбүрлі түрде талап еткен, талабы орындалмаған жағдайда жәбiрленушiлердің немесе олардың жақындарының мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi тарататынын айтқан.

Адвокат О.Курбанов 13 мектептің және аудандық білім бөлімінің бас есепшілерінен 6 млн 900 мың теңге талап етіп, бермеген жағдайда облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданатындығын, одан әрі қылмыстық іс қозғалатындығын, салдарынан ауданның абыройын түсіретіндігін алға тартқан.

Сотталғанның кінәсі жинақталған және сот мәжілісінде жан-жақты, толық, объективті бағаланып, тағы да басқа сотта зерттелген іс материалдарымен толық дәлелденген.

Одан әрі іс апелляциялық сатыдағы сот алқасында 2024 жылдың 11 қаңтарында сотталған О.Курбанов пен оның адвокатының шағымы негізінде қаралып, нәтижесімен үкім өзгеріссіз, шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.

Сот үкімі заңды және негізді, оның күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ, деп сот алқасы тапты.

Бүгінгі күні сот үкімі заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу