Әр округте 3 кандидаттан бақ сынап, олардың басым бөлігі сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен түсті.
Округтер бойынша Жосалыда – 258, Иіркөлде – 353, Қармақшыда – 653 сайлаушы дауыс беру құқығына ие.
Сайлаушылар таңғы уақыттан бері учаскелерге келіп, өздері қалаған кандидаттарға дауыс берді.
Алғаш болып келген сайлаушыға учаскелік комиссиясы тарапынан сыйлықтар берілді. Бірінші рет дауыс беру құқығына ие жас сайлаушылар да маңызды күннен қалыс қалмады.
Сайлаудың ашықтығын бақылау үшін аккредиттеуден өткен байқаушылар мен кандидаттардың сенім білдірген адамдары қатысуда.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, биыл өңірде 25 ауылда жергілікті тұрғындар жаңа әкімін таңдайды. Ал наурыз айында шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтеді.
Қызылорда облысында кент, ауылдық округ әкімдерінің сайлауы жоғары деңгейде жүргізілуде. Аймақта кейінгі 3 жылда 117 ауыл әкімі сайланған. Өткен жылы 38 кент және ауыл әкімінің сайлауы болды.