Қызылорда облысындағы Жаңадария ауылының әкімі екі жыл бойы заңсыз түрде артық жалақы алып отырған. Тек өзі ғана емес, қол астындағы бірнеше қызметкердің де жұмыс істемеген күндеріне айлық төлеген, деп хабарлайды inbusiness.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Бірақ, заңбұзушылық үшін ешкім жауапкершілікке тартылмаған. Өйткені, құзырлы орган өкілдері әкімнің әрекетінен қылмыс белгілерін таппаған. Ауыл басшысы кінәні есепшісіне ысырып отыр. Бұл мәселе облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кеңесінде қаралып, артық жалақы алып келген әкім қызметінен босату туралы шешім шыққан.
"Әкім ретінде заңбұзушылықтардың алдын алудың орнына, ЭЦҚ-ны есепшіге беріп қойғанмын деген мәселені айтты. "Өзім жасаған жоқпын" деді. ЭЦҚ-ны беріп қою да заңбұзушылық болып табылады. Әдеп жөніндегі кеңестің толық құрамы әкімді атқаратын жұмысынан босату туралы ұсыныс берді", – деді Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.