Қызылорда облысында балық шаруашылығына басымдық берілуде

2004

Өңірлік бағдарламаны іске асыруға 28,9 млрд теңге қаржы есептелді. 

Қызылорда облысында балық шаруашылығына басымдық берілуде

Сыр елінде балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы әзірленді. Осы жұмыстардың нәтижесінде аймақта балық экспорты 4 есеге, тауарлы балық өндіру көлемі 115 есеге өседі деген болжам бар, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Сондай-ақ биыл Жанақорған ауданында жылына 1,5 миллион шабақ шығаратын инкубаторлық цех пен питомник іске қосылмақ.

Су айдындарында балық қорын молайту өңірдің бүгінгі күндегі өзекті мәселесінің бірі. Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы осы мақсатта әзірленген. Бағдарлама бойынша облыста 16 мың тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр.

"Өңірлік бағдарламаны іске асыруға 28,9 млрд. теңге қаржы есептелді. Бүгінде "Байқоңыр" ӘКК-на облыстық бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлу қарастырылды",– деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жақанов.

"Бағдарламаны іске асыру үшін тиісті қаражаттар жоспарланды. Қызылорда облысы бойынша жылына 12950 тонна балық шығаратын 16 шарбақты шаруашылығы, 12000 тонна балық өсіретін 12 шаруашылық құру, 400 тонна болатын 3 тұйықталған жүйелі сумен қамтамасыз етілген және 1450 тонна балық өсіретін 55 тауарлы көл айдыны ұйымдастырылады", – деді  "Арал - Сырдария" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров.

Өңірде кәсіпкерлер тарапынан тауарлы балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық артып келеді. Мәселен, "Ислам" шаруашылығы Жанақорған ауданында жылына 1,5 миллион дана шабақ шығаратын инкубаторлық цехты іске қоспақ. Питомникте өсірілген балықтар су айдындарына жіберіледі. Бағдарлама аясында балық жемін субсидиялауға облыстық бюджеттен 8,4 миллион қаржы қаралып отыр.

"Бекітілген бағдарламаға байланысты тауарлы балық шаруашылықтарының санын көбейту жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсерін тигізетін болады. Сонымен қатар бағдарламадағы әрбір жоба бойынша Қызылорда облысы әкімімен бекітілген жол картасы әзірленді", - дейді инспекциясы басшысының орынбасары.

Ал заңсыз балық аулау, судағы тіршілік иелерін қорғау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Еліміз бойынша 1-ші сәуір мен 10-шы маусым аралығында "Уылдырық 2021" акциясы өтті. Шара барысында 126 заң бұзушылық анықталып, 32-сі сотқа жолданды. Сондай-ақ 2685 келі балық пен аулау құралдары тәркіленді.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу