Қызылорда облысында ерлі-зайыпты мен олардың мектеп жасындағы баласы өз үйлерінде пышақталған күйінде табылды. Жантүршігерлік жағдайды осы отбасының ағайыны бірінші болып көрген, деп хабарлайды kyn.kz.
"Ақмарал менімен бірге жұмыс істейтін. Келмей қалды. Себебін білу үшін үйіне бардым. Есікті ашқаным сол еді, табалдырықта үшеуі өліп жатыр. 76 жастағы Ақмаралдың анасы мен олардың 2 жасар баласы от жағып, сол маңда ештеңе болмағандай отыр екен. Апа баяғыдан ауырады, ол оқиға жайлы ауыз ашпай отыр", – дейді марқұмдардың туысы.
Қорқынышты жағдайдан дүрліккен ауыл тұрғындары болған жағдайға өздерінше болжам жасай бастаған. Көпшілік отағасы бірінші әйелі мен баласын өлтіріп, кейіннен өзіне қол салды деп болжауда.
"Мен оқиға дәл осылай өрбіді деп айта алмаймын. Себебі, інім ешқандай да әйелін, туған баласын өлтіретіндей қаныпезер емес еді", – дейді марқұмның туысы.
Қазірге құпия өлімнің себебі мен кімнің жасағанына байланысты ешқандай мәлімет жоқ. Жергілікті полиция да ештеңе айтпай отыр.