Қызылорда облысында індет отбасылық сипат ала бастады

4145

Жергілікті билік облыс тұрғындарын карантин талаптары мен ережелерін, тәртібін қатаң сақтауға шақырып, дабыл қағып отыр.    

Қызылорда облысында індет отбасылық сипат ала бастады

Қызылорда облысында соңғы тәулікте 29 адамның инфекция жұқтырғаны белгілі болды. Науқастардың жалпы саны 66-ға жетті. Қызылорда қаласында – 9 жағдай тіркелсе, Жаңақорған ауданында – 16, Қармақшыда – 4, Шиеліде – 35 жағдай, Сырдария ауданында – 1, Арал ауданында – 1 науқас есепке алынып, оқшауланған.

Өкініштісі, індет отбасылық сипатқа ауа бастады. Коронавирус анықталған алғашқы адамның отбасындағы 21 мүшесі қатерлі дертке шалдықса, Жаңақорған ауданындағы 8 жан, Шиелі ауданындағы 6 адам бір отбасынан екені белгілі болды.

Оқшаулану тәртібіне құлақ аспаған Шиелі ауданының 13 тұрғыны отбасылық кеште бірге болған. Індетке де бірге шалдыққан. Заңдылықты сақтамаған отбасы үшін түгелдей бір ауыл карантинге жабылды.

Жергілікті билік облыс тұрғындарын карантин талаптары мен ережелерін, тәртібін сақтауға шақырып, дабыл қағып отыр. Бірақ оны тыңдап, ескеріп жатқан қызылордалықтар жоқ.

Өңірде індеттің белең алуына орай, облыстық бас санитардың жаңа Қаулысы қабылданды. Енді тұрғындар көшеде бетпердесіз жүре алмайды және 55 жастан асқан тұрғындар мен жасөспірімдерге көшеде жүруге тыйым салынды. Ал "Ақмешіт – Мерей", "Шанхай", "Аспалы көпір", "Тасбөгет" кенттерінің тұрғындары патрульдік полицияның қадағалауымен ғана қала аумағына кіре алады. Осы аудандарда әр үйден бір адам ғана қажеттілікпен шыға алады. Бас санитардың қабылдаған жаңа қаулысы 7 сәуірден 21 сәуірге дейін ұзартылды.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу