Биыл Қызылорда облысында шалғайдағы 16 ауыл интернетпен қамтылмақ

2027 жылға дейін "Қызылорда-Жезқазған" автожолы да сапалы байланысқа иек артуы мүмкін. 

Биыл Қызылорда облысында шалғайдағы 16 ауыл интернетпен қамтылмақ Фото: Halyq-uni.kz

Өңірдегі ауылдардың 92 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қызылорда облысы әкімі аппаратының "Ақпараттық технологиялар орталығының" мәліметінше, 223 ауылдың 173-інде тұратын халық саны 250 адамнан асса, қалғаны оған да жетпейді.

Халық саны 250 адамға жетпейтін 34 ауылға интернет жетіп тұрса, шалғайда орналасқан 16 ауыл алдағы уақытта интернетпен қамтылмақ. 

– Халық саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету екі жоба бойынша жүзеге асады. Атап айтқанда, ол "Талшықты-оптикалық байланыс желісін салу" және "Интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділік" арқылы жүргізіледі. Алғашқы жоба бойынша ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өңірдің ауылдық елді мекендегі 73 мемлекеттік органына арналған талшықты-оптикалық байланыс желісін құрылысы толығымен аяқталды, 64 ауылдық әкімдік, 72 білім беру және 69 медициналық мекеме аталған желіге қосылды. 

Министрліктің "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында 2023-2027 жылдар аралығында ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіледі. Бұл бойынша 62 елді мекеннің 194 мемлекеттік органына (25 әкімшілік, 57 білім, 52 аурухана, 18 балабақша, 24 кітапхана, 18 мәдениет үйі) кеңжолақты талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады, – деп хабарлады цифрлық технологиялар бөлімінің мамандары. 

2023-2027 жылдар аралығында Мойнақ, Тастүбек, Жуантөбе, Ақтам елді мекендері мобильді интернетпен қамтамасыз етілсе, биыл "Кселл" АҚ, "Кар-Тел" ЖШС (Билайн) 10 елді мекенге сапалы кеңжолақты мобильді интернет жеткізген. 

Сонымен қатар, ұлттық жоба аясында Қызылорда облысы бойынша "Қызылорда-Жезқазған" автожолы бойына және "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автожолында автомобиль жолының бойында 9 антенна-діңгек құрылысы жоспарланып отыр. Яғни, 2027 жылға дейін автожол бойы да сапалы байланыспен қамтамасыз етіледі. 

Айта кетейік, Қызылорда қаласында 5G технологиясының 40 нүктесі жұмыс істеп тұр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу