Қызылорда облысында кәмелет жасына толмағандарды саудаға салғандар анықталды

Ал "Стоп, трафик!" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 30-ға жуық адам есепке алынып отыр. Оның біреуі жеңгетайлықпен, қалғаны жезөкшелікпен айналысқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылорда облысында кәмелет жасына толмағандарды саудаға салғандар анықталды Фото: canva.com

Рейд барысында ұсталған жеңіл жүрісті қыздар Қызылорда қалалық полиция басқармасына жеткізілген. Бір өкініштісі, құзырлы мамандар олардан тек түсініктеме алып, айыппұл салып, арнайы тізімге ғана алады. Одан әрі шара қолдану заңда қарастырылмай тұр. Жеңіл жүрісті қыздардың қарасы көп болуы сондықтан да болуы мүмкін.

"Стоп, трафик!" жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Қызылорда облыстық полиция департаментімен кәмелет жасына толмағанды саудаға салудың 1 дерегі, жөзекшелікпен айналысу және үй-жайды ұсынудың 2 дерегі, қоғамдық орындарда азаматтарға тиісудің 10 дерегі анықталып, хаттама толтырылды. Жыл басынан бері адам саудасына қатысты 11 қылмыстық іс тіркеліп, әкімшілік-бұзушылық Кодексімен 102 хаттама толтырылып, шара көрілді", – дейді ОПД ҰҚҚКБ аға жедел уәкілі Болатхан Мұханов.

Бір күндік рейдте ұсталғандар арасында өзге облыстан келген жөзекшелер де бар болып шықты. Себебі сол, туған-туыстарынан ұялады, "біреу-мінеу танып қоя ма?" деген үрей жоқ емес. Жеңіл жүрістілердің көбі мұндай жағдайға жоқшылықтың кесірінен тап болғанын айтады. Кейбірінің бала-жағасы бар болса, енді бірі – өрімдей жас қыздар.

Жауаптылар бұл бағыттағы жұмыстардың жүргізілуі жалғасын табатынын жеткізді.

"Қызылорда облысының полиция департаментімен облыс көлемінде "Стоп, трафик!" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Облыс аумағында атқарылған жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде адам саудасына байланысты 2 қылмыс тіркелсе, оның ішінде жеңгетайлықпен айналысудың (ҚР ҚК-нің 309-бабы) 1-дерегі анықталды. Рейдтік іс-шаралардың жүргізу нәтижесінде қоғамдық орында тиісудің 25 дерегі анықталып, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 449-бабымен (Қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру) әкімшілік хаттамалар толтырылды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 450-бабымен жезөкшелікпен айналысуға үй-жайды ұсынғаны үшін 2 азаматша анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлайды Қызылорда облысының полиция департаменті.

Облыс көлеміндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында 27 адам есепке алынып отыр, оның біреуі жеңгетайлықпен, қалғаны жезөкшелікпен айналысқан.

Қоғамда "жезөкшелердің көп болуы – ер-азаматтардың осалдығы әрі кесірі" дейтіндер көп. Сонымен қатар, жеңіл жүрісті қыздардың жұмыс істеуіне жағдай жасап отырған дөкейлер барын айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу