Қармақшы ауданында жылына 1500 тонна тауық етін өндіретін құс фабрикасына (құны 3 млрд теңге) жауапты "Қармақшы құс" ЖШС директоры Н. Іздібаев Қызылорда облысы прокуратурасының фронт-офисіне нысанды іске қосу кезіндегі кедергілер туралы хабарлаған болатын.
Айтуынша, нысанды сумен жабдықтау жүйесіне қосу кезінде түрлі қиындықтар туындаған.
"2023 жылдың 22 қыркүйегінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жөніндегі Фронт-офистің кезекті отырысында Н. Іздібаев прокуратураға алғыс айтып, қадағалау органының тікелей араласуынан кейін объект сумен жабдықтау жүйесіне қосылып, құс фабрикасы толығымен жұмысын бастағанын хабарлады", – деп хабарлады Қызылорда облысы прокуратурасы.
Фронт-офистің жұмысы инвестициялық жобалардың кедергісіз іске асырылуын, оларды прокуратура тарапынан сүйемелдеуін, инвесторлар алдындағы кедергілерді анықтау және жою мәселелерін қамтиды.
Қабылданған шаралардың жеделдігі үшін фронт офис жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, Ұлттық қауіпсіздік, қаржы мониторингі департаменттерінің басшылары, Атамекен кәсіпкерлер палатасы, "Kazakh invest "Ұлттық компаниясы" АҚ өңірлік басшылығы, сондай-ақ бизнес өкілдері қатысады.
Бүгінгі таңда облыста 2026 жылға дейін қосылуы көзделген өндіріс саласындағы Индустрияландыру картасына енгізілген 31, жалпыұлттық бірегей пулында қаралған 46 инвестициялық жобаларды салу жоспарланса (13-і индустрияландыру картасына енгізілген), оның ішінде 3-уі ағымдағы жылы іске қосу белгіленген.