Қызылорда облысында күріштен май мен ұн алу көзделуде

942

Қызылорда облысында күріштен май мен ұн алу көзделуде

Қызылорда облысының Жалағаш, Сырдария аудандарында шағын және орта бизнесті дамыту бойынша актив отырыстары өтті, деп хабарлады облыстық әкімдікке сілтеме жасаған naryk.kz

Жиынды аша отырып, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерліктің дамуы – әкімдердің жұмысының  ең басты көрсеткіштерінің бірі  екендігін атап өтті.

"Бірінші кезекте, әр аудан бойынша олардың географиялық орналасуын, табиғи байлығын, кәсіби салтын ескере отырып, бизнес жобалардың іске асырылуын қолға алу қажет. Мысалға айтатын болсақ, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандарында суармалы егін, көкөніс, бақша шаруашылықтарын дамытуға болады. Жалағаш ауданында мия өңдеу зауыты айналасында мия сусыны, тыңайтқыш өнімдері, фармацевтикалық өнімдер, комбикормдық жем шығару, ал Элеватор кешені айналасында күріш кеспесін, күріш ұнын, күріш майын, сондай-ақ күріш сабанынан қап, крафт қағаздарын шығаратын кәсіпорындарды дамыту керек", – деді Қырымбек Көшербаев.

Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким, аудан әкімдері және Қызылорда облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Асқар Махамбетов ШОБ дамыту және жуырда қабылданған аймақтағы кәсіпкерлікті дамытудың 2017 жылға арналған бірыңғай жол картасын жүзеге асыру бойынша баяндамалар жасады.

Отырыс қорытындысы бойынша, мемлекеттік мекемелер мен аймақтық даму институттарының басшыларына  Өңірлік кәсіпкерлік палатасымен және  "Байқоңыр ӘКК"-мен бірлесе отырып, ең бірінші кезекте, елдімекен тұрғындарына шағын кәсіп ашудың негіздерін үйрету шараларын қабылдау, бизнес жобаларды жүзеге асыру мен аудандардағы индустриялық аумақтарды дамыту, жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған, жаңадан кәсібін ашқан азаматтарға қолдау танытып, көмек көрсету жұмыстары тапсырылды.

Микро, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша актив отырыстары сондай-ақ, Жаңақорған, Шиелі аудандары мен облыс орталығында да  өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу