Қызылорда облысында мал ұрылары ұсталды

438

Үш күдікті қолға түсті. 

Қызылорда облысында мал ұрылары ұсталды Фото: polisia.kz

Ауыл тұрғындарының саналылығы мен полицейлердің  жеделдігі Қызылорда облысының Шиелі ауданында мал ұрлығын əшкерелеуге көмектесті. Еркін жайылымнан бірнеше ауыл тұрғындарының сиырларын  белгісіз адамдар ұрлап әкеткен.

Қаскүнемдердің бірі ұрланған малды көрші ауылға жеткізіп, танысынан сиырды біраз уақытқа қораға қоюын өтінген. Алайда үй иесі бұл туралы жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын хабардар етті, тиісінше полицияға да хабар берілді.  

Полиция қызметкерлері  күдікті 24 жəне 31 жастағы үш ауыл тұрғынын айғақ заттарымен қолға түсірді. Бүгінгі күні ұсталғандар мал ұрлығының бес дерегіне қатысы бар деп  күдіктелуде.

Жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 1 млн теңгеден асты. Ұрланған 6 сиыр айғақ зат ретінде тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Күдіктілер қалған малды сойып, етін сатып үлгерген. Тергеу барысында күдіктілердің ұрланған малды тасымалдау үшін автокөлікті жалға алғаны анықталды.

Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру əрекеттері жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар осы қылмыстық топтың облыс аумағында болған осы тектес қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

Полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарына мал ұрлығын ашуға және қаскүнемдерді ұстауға көмектескені үшін алғыс білдіреді. Жақын арада аудандық полиция бөлімінің басшылығымен бұл азаматтар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі және қылмыстың алдын алуға белсенді қатысқаны үшін марапатталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу