36 миллионды жымқырған есепшіге жаза күшейтілді: амнистия қате қолданылған

131

Cот шешімді қайта өзгертті.  

36 миллионды жымқырған есепшіге жаза күшейтілді: амнистия қате қолданылған Фото: ИЗВЕСТИЯ/Михаил Терещенко

Қызылорда облысында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған ауылдық клубтың есепшісіне амнистия туралы заң дұрыс қолданылмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Сот анықтағандай, клуб директоры мен есепшісі қызметтік баптарын пайдалана отырып, 10 жылға жуық уақыт бойы жүйелі түрде ақша жымқырып келген.

Олар мекеме қызметкерлеріне артық жалақы аударып, кейін оны түрлі сылтаулармен (мысалы, қате аударылғаны немесе шоттың бұғатталуы туралы) қайтарып алып отырған. Бұл ретте қызметкерлердің көбі басшылықтың бұл әрекеттері заңсыз екенін білмеген.

"Олар 36 млн теңге жымқырған, сол үшін сот оларды жеті жылға бас бостандығынан айырды. Сот есепшіге қатысты "Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия туралы" заңды қолданып, жазаны үштен бір бөлікке қысқартып, өтеу мерзімін 4 жыл 8 ай деп белгілеген. Алайда сот актілерінің заңдылығын тексеру кезінде амнистия актісінің дұрыс қолданылмағаны анықталды", – делінген хабарламада.

Прокуратура бұл санаттағы істер бойынша тек "Конституцияның 30 жылдығына байланысты амнистия туралы" заңның 3-бабы, 5-тармағының арнайы нормасын қолдануға болатынын атап өтті.

Онда: "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе ысырап ету немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдарға негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқартылады" делінген.

Қадағалау органының наразылығы бойынша қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық инстанцияның қаулысын жойды. Есепшінің жаза мерзімі 5 жыл 7 айға дейін ұзартылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу