Қызылорда облысында өз саласының үздіктері марапатталды

504

Жыл бойы еңбегімен көзге түсіп, шәкірттері білім бәсекесінде топ жарған ұстаздарға 1 млн 035 мың теңгенің біржолғы қаржылай сыйақы сертификаты табысталды.  

Қызылорда облысында өз саласының үздіктері марапатталды Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

30 желтоқсанда Қызыорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-академиялық драма театрында өткен салтанатты жиында әр саланың озаттарын марапаттады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл бойы еңбегімен көзге түсіп, шәкірттері білім бәсекесінде топ жарған ұстаздарға 1 млн 035 мың теңгенің біржолғы қаржылай сыйақы сертификатын табыстады.

Аймақ басшысы Сыр жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өткен жыл толағай табыстар мен ілкімді істерге толы болғанын айтты.

"Санаулы күннен кейін 2023 жылды түйіндеп, жаңа жылға қадам басамыз. 2023 Сыр елі үшін берекелі, ырысы мол жыл болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің дамуына оң бағасын берді. Облыстағы маңызды мәселелерге қатысты тарихи шешімдер қабылдады. Экономиканың барлық негізгі көрсеткіштерінде өсім бар. Тамыз айынан бері үздіктер қатарында, яғни алғашқы үштіктеміз. Осыдан бір жарым жыл бұрын облыс бюджеті 387 млрд теңгені құраса, 13 желтоқсандағы облыстық мәслихат сессиясында 2024 жылдың бюджеті 650 млрд теңге болып бекітілді. Келер жылдың соңына дейін салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджет көлемін 700 млрд теңгеден асырамыз. Бұған резервтеріміз бар. Әлеуметтік салаға 435 млрд теңге (67%), жолдарды жөндеуге 31,5 млрд теңге (4,8%), энергетика нысандарына 32,7 млрд теңге (5%), құрылыс саласына 19,7 млрд теңге (3%) қаржы бағытталуда. Жыл ішінде бұл қаржы көлемі едәуір ұлғаятын болады", – деді Н.Нәлібаев.

Аймақ басшысы биыл ашылған әлеуметтік нысандар, пайдалануға берілген тұрғын үйлер, жүзеге асырылған инвестициялық жобалар мен алдағы уақытқа қойылған межелі міндеттерді атап шықты. Олардың ішінде түрік инвесторларымен бірге жаңа ЖЭО-ның іргетасын қалау, қалалық автобус паркін жаңа қоғамдық көліктермен толықтыру, 12 елді мекенді газдандыру секілді жетістіктер, келер жылға жоспарланған ауқымды жұмыстар бар.

Жыл қорытындысына арналған салтанатты жиында сала озаттары мен түрлі номинация иегерлері марапатталды. Жетістіктерімен көзге түскен өз ісінің нағыз шеберлері, меценаттар, қоғам белсенділері құрмет төрінен көрінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу