26 қаңтарда Қызылорда облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы өңірлік прокуратурамен өзара іс-қимыл бойынша жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде мемлекет қорғауындағы ағаштарды заңсыз кесу және дайындаумен айналысқан қылмыстық топты тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аталған әрекеттерге табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының инспекторлары “қамқорлық” көрсетіп, жүйелі түрде заңсыз ақшалай сыйақы алған.
Жазасыз қаламыз деп сенген күдіктілер сексеуіл ағашын дайындау және оны шекаралас облыстарға өткізу бойынша тұрақты қылмыстық схеманы ұйымдастырған. Ағаш дайындау орындары анықталып, шекаралас өңірлерге өткізу фактілері құжатталды.
Тінту шаралары барысында бірнеше бірлік атыс қаруы, оқ-дәрілер, жүк көліктері, электрлі аралау жабдықтары, радиостанциялар, ірі көлемдегі қаражат тәркіленді.
Тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды, оларға 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Мемлекетке келтірілген залал көлемі есептеліп жатыр.