Қызылорда облысында соңғы 3 жылда өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсім көрсетуде. Есепті кезеңде бұл салада өндірілген өнім көлемі 15%-ға артып, 117 млрд теңгені құрады. Жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 18,1% жетіп, соңғы 3 жылда 3,1 есеге ұлғайған. Көрсеткіш бойынша облыс республикада екінші орында тұр. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағында 85 келісімшарттың негізінде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау немесе өндірумен 49 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс жүргізіп жатыр. 2016 жылы мұнай және уран саласындағы компаниялар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына 2,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлген. Сондай-ақ, минералды-шикізаттық базаны кеңейту және жаңа кеніштерді игеру мақсатында жаңадан 15 келісімшарт жасалды. Ал, инвестиция көрсеткішіне келсек, 2016 жылдың 12 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 215,3 млрд теңге құрап, нақты көлем индексі 86,9% құрап отыр.
"Инвестиция көрсеткішінің төмендеуі "Батыс Еуропа-Батыс Қытай", "Бейнеу-Шымкент", "Сексеуіл-Жезқазған" және "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның газдандыру бағдарламасы секілді 4 ірі инвест жобаның аяқталуына байланысты болып отыр. 2016 жылы бірінші бесжылдықта іске асырылған 17 жобаның 13 жобасы тұрақты түрде өнім өндіруді қамтамасыз етіп, "жоспарлы қуаттылықты" 60-100% аралығында меңгерді. Жаңа инвесторлармен жұмысымыздың нәтижесінде Жалағаш ауданындағы мия тамырын өңдеу зауыты жұмысын қайта бастап, алғашқы 20 тонна өнімі экспортқа жолдады. Шиелі ауданындағы дәл осындай зауытты іске қосу мәселесі пысықталуда. Қазір инвесторлар зауыттың құрал-жабдықтарына талдау жасалып жатыр", – деді басқарма басшысы Ринат Сұлтангереев.